Астана күні мерекесіне орай, маусымның 3-жұлдызында №4 кітапхана-филиалы оқырмандары үшін, «Астана – елдің мерейі» атты бейнекруиз өткізді. Іс-шара мақсаты: Астана қаласының тарихымен, шежіресімен таныстыру. Астана туралы деректермен білімін дамыту. Отанға деген сүйіспеншілігі мол елжанды азаматтар тәрбиелеу. Биыл байтақ қазақ елінің асқақ Астанасына - 20 жыл. Сарыарқаның төсінде, ерке Есілдің жағасында 20 жылдың ішінде келбеті мен сәулеті келіскен ару қала бой көтеріп, әлем таныды. Демек, Бас қаланың 20 жылдығы - тұғыры биік теңдіктің, еңсесі биік елдіктің тойы. Шарада модератор Б.К.Мұқанова қатысып, кітапхана оқырмандарды мерекемен құттықтап, Астананың тарихы мен тағдырын тілге тиек етті. Шара барысында «Астана – жүрегімнің бір бөлшегісің» атты кітап көрмесіне қойылған кітаптар туралы оқырманға мағлұмат берілді. Астана туралы жарнамалық флаерлар таратылды. Астана жайында ән әуелеп, жырдан шашу да шашылды.
3 шілде күні М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхананың балалар бөлімінде жазғы оқу залы аясында «Кітаппен бірге әлемді танимын» тақырыбында жаңа әдебиеттерге шолу өткізілді. Мақсаты: оқушыларды кітапханаға түскен жаңа танымдық және көркем әдебиет басылымдарымен таныстыру, кітапқа қызығушылықтарын арттыру және кітапхана оқырманы болуға тарту. Астана қаласының 20-жылдығын мерекелеу аясында Астана туралы кітаптар мен альбомдарды насихаттау. Шараға №52 орта мектеп жанындағы лагерьдің балалары қатысты. Кітапханашы балаларды жаратылыстану-математикалық білім бағыты бойынша «Балаларға арналған танымдық энциклопедия», «Техникадан балалар энциклопедиясы», «1100 қызықты деректер» атты топтамалардың жаңа кітаптарына және көркем әдебиеттер жанрынан «Балаларға арналған үздік өлеңдер», «Әлем халықтарының ертегілері» топтамаларының кітаптарымен таныстырылды. Шараның екінші бөлімінде Астана қаласының 20-жылдығын атап өту аясында бас қаланың көрікті жерлері туралы әңгімеленді және Астана жайлы кітап-альбомдарға шолу жасалды. Оқушылар Астана қаласына және ЭКСПО-2017 көрмесіне саяхат кезінде көрген қызықты әсерлерімен бөлісті. Балалардың назарына Астана және ЭКСПО-2017 көрмесі жайлы бейнефильмдер ұсынылды. Шара соңында балалар қызықты кітаптармен жақын танысып, «Ертегілік себет» викторинасына қатысты.
Маусымның 29 күні №1 балалар кітапхана-филиалында №6 мектеп жанындағы лагердің бастауыш сынып оқушыларына, «Есімдері өлкенің тарихында» атты Ұлы Отан Соғысының Батыры Мартбек Мамыраевтың туғанына 110 жыл, Ұлы Отан Соғысының Батыры Нүркен Әбдіровтың ескерткішіне 60 жыл және қазақтың жыршысы Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған өлкетанулық саяхат шарасы өтті. Мақсаты: Өздерінің өлкесінің тарихын білуге құштарлығын арттыру, жерлес атақты адамдардың өмірімен елге жасаған еңбектерін бағалауды үйрету.Оқушыларды Ұлы Отан Соғысының тарихымен таныстыру, соғысқа қатысушылардың ерліктерін дәріптеу. Елінің елеулі азаматтарының бірі Нүркен Әбдіровтың ерен ерлігін білмейтін адам кемде - кем шығар. 1942 жылы 19 желтоқсанда оққа ұшыраған ұшағымен жаудың қару - жарақ қоймасына әдейі құлап мерт болды. Отаны үшін жанын қиды. Мартбек Мамыраев әскерін білікті басқарып көптеген неміс әскерлерін жойғаны үшін жоғарғы мәртебеге ие болды. Өлкеміздің даңықты жыршысы, «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау Қалқаманұлының елге сіңірген еңбегі зор еді. Қара халықтың жырын жырлап, мұңын мұңдаған, ақылымен, көрегендігімен елінің қамын жеген жыршы. Қазақтын басын бір хандыққа қосып, беделді , ұлы ел болуын жырлап, сол мақсатта ерен еңбек атқарған.Іс-шара барысында, жыршының шығармашылығына байланысты кітап көрмесі өтті.
29 маусым күні М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып бекітілуіне орай «Домбыра - дастан, домбыра - күй» атты музыкалық микс болып өтті.Іс-шараның мақсаты: оқырмандарға қазақтың ұлттық аспабы домбыра туралы мәліметтер беру, ой-өрісін дамыту, ұлттық аспаптарды ұмытпай ұлықтап, халық арасында ұлтжандылықты насихаттау. Шараға «Замандас» клубының мүшелері Г.Есжанова, Ж.Алин, М. Оспанова және кітапхана оқырмандары А.Исагулова, Ә. Төлепбергенов қатысты. Шара барысында Ұлттық домбыра - қазақ елінің көнекөз шежіресі, ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі екендігі жайлы ақпарат берілді. Домбыраның қасиетін арттырған Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыру туралы бейне ролик көрсетілді. «Домбыра - дастан, домбыра - күй» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, кітаптың ішіндегі дискіден күйлер тыңдалды, жүргізуші әр күйдің шыққан тарихы жайлы түсінік берді. «Замандас» зейнеткерлер клубының мүшесі Жетпісбай Алин мерекеге арнап «Қыз Жібек» операсындағы Шеге ариясын орындады.
Биыл Қазақстан тарихында өшпес із қалдырған, ұлы ақын, тарихи тұлға Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығы атап өтіледі. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұлы тұлғаларымызды насихаттау мақсатында 27 маусым күні №31 кітапхана-филиалында «Бұқар жырау – ұлы ағартушы» атты әдеби көрме ұйымдастырылды. Көрмеде ұлы ойшыл, ақын, мемлекет қайраткері Бұқар жырау Қалқаманұлының өмірбаяны мен шығармашылығы туралы құжаттар қойылды. Мақсаты: патриоттық тәрбие беру; қазақ халқының көрнекті ұлы ақыны - Бұқар жырау Қалқаманұлын танып-білуге баулу және рухани мұрасын насихаттау. Кітапхана оқырмандары әдеби көрмеде ұсынылған кітаптарға қызығушылық танытты.