2024 жылдың 5 наурыз күні М.О.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада Алаш партиясы басшыларының бірі, ғұлама ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан күніне орай "Алаштың саяси көсемі" атты тарихи сабақ өткізілді. Іс-шараға ардагер ұстаз, Қазақстан Журналистер Одағының және Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, Қарағанды облысының білім саласына еңбек сіңірген қызметкер, Халықаралық үлкен энциклопедияның "Құрмет белгісінің" иегері, Әлихантанушы Тілеуғалы Әміртайұлы, "Мұрагер" мамандандырылған мектеп-интернаты тарих пәнінің мұғалімі Балтабаев Құлжанбай Байділдаұлы мен А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушылары қатысты. Іс-шара барысында арнайы кеш қонақтары дайындаған ұяшықтарды таңдау арқылы оның ішіндегі сұрақтарға жауап бере отырып, жас оқырмандарымызға Ә.Бөкейханұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы ақпарат берді.

1 наурыз күні Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы кітапхананың балалар бөлімінде тәрбиеленушілерге арналған әлеуметтік көмек бөлімшелері Қазыбек би атындағы ауданның үйінде "Рахмет саған-Туған ел!" Алғыс айту күніне арналған ойын калейдоскоп өтті. Іс-шараның мақсаты-патриоттық тәрбие беру, мәдени құндылықтар мен адами қарым-қатынастарды қалыптастыру. Оқушылар кітапханашының мереке туралы әңгімесін қуана тыңдап, ұсақ моториканы, сенсориканы, оқу және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға арналған білім беру ойындарын ойнады. Олар нейро-жаттығулар кезінде жаттығып, караокеде патриоттық әндер шырқады.

15 ақпан күні М. О. Әуезов атындағы орталық кітапханада «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ қызметкерлерінің Қарағанды қ. ТЖБ басқармасының бас маманы Мусина Раушан Маратқызымен, АҚ аға инженер-лейтенанты П.Р. Якубовамен, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Мамандандырылған жасағының маманы А.А. Вицумен, «ҚР Қызыл жарты ай қоғамы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының нұсқаушылары В.Мажура және А. Мажурамен кездесуі өтті. Іс-шараның мақсаты жер сілкінісі, төтенше жағдайлар, өрт және әртүрлі жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету кезіндегі тәртіп ережелері туралы ақпарат беру және нұсқаулық беру болды.

«Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ-нің қолдауымен «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-де «Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған 90 кездесу» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Құрметті журналисі, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері, жазушы Сүйіндік Жанысбай Жұмабайұлының 75 жылдық мерейтойына байланысты «Сан қырлы қаламгер» атты кездесу өтті. Кездесуге мерейтой иесінің бірге оқыған достары ардагер-ұстаздар Маташева Шәпен Қалтаевна мен Махметов Баян Нұрғалиұлы, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Инновациялық технологиялар колледжінің студенттері және «VolteQ» еріктілер тобының мүшелері қатысты. Кездесу барысында кітапхана оқырмандары жазушы қаламгердің шығармаларындағы ұлттық рух пен елдік мүдде жөнінде пікір алысып, Сүйіндік Жанысбайдың өлкетануға қосқан үлесі жайлы да көптеген мәліметтермен бөлісті. Кездесуге келген оқырмандар жазушының сан-қырлы тақырыпта қалам тербеген журналист екендігі жөнінде де құнды пікірлермен алмасты. Іс-шара барысында мерейтой иесіне әннен шашу шашып құрмет көрсетілді.

2024 жылдың 23 ақпан күні «Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ-нің қолдауымен «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-де «Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған 90 кездесу» жобасы аясында ҚР білім беру жүйесінің құрметті қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Карлаг – болашақ үшін естелік» жобасының авторы мен жетекшісі, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековпен «Ғалым. Қайраткер. Тұлға» атты кездесу өтті. Кездесуге Ә.Сағынов атындағы «Қарағанды техникалық университеті», «Bolashaq» Академиясы, Инновациялық технологиялар колледжінің студенттері мен ғалым-оқытушылары және Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдері қатысты. Кеш қонағы өзінің ғылымдағы жолы, қоғамдық қызметі мен зерттеулерімен бөлісті. Нұрлан Орынбасарұлы балалық шағындағы бақытты сәттерін еске түсірді, жастарды армандауға, көп талмай еңбектенуге және тарихты оқуға шақырды. «Тарих – қайталанып отыратын үрдіс, сол себепті біз әрқашан тарихтан сабақ алуымыз керек. Тарихымыздың жақсы жақтарын ғана емес, көлеңкелі жақтарын да зерделей білсек – үлкен мақсаттарға жететін жолды ашамыз, – деді ол. Оқырмандармен пікірлесу кезінде Нұрлан Орынбасарұлы ұлттық құндылықтарымыз және оны тану жөнінде келелі ойларын ортаға салды. Кездесудің құрметті қонағы мен оқырмандар арасында ашық, еркін сұхбат болды.





