29 мамыр күні М.О.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың өлкетану бөлімінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бері аталып келе жатқан 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай зейнеткерлер «Замандас» клубының отырысы аясында «Тарихтың ұмытылмас қасіреті» атты бейнесаяхат шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты: Кеңес одағы кезеңінде Қазақстанның халықтың қасіретіне айналған лагерьлер өлкесі болғаны туралы ақпарат беру, Қарағандыдағы Долинка кентіндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мұражайы саяси тұтқындардың еңбекпен түзеу лагерінің тарихына шолу жасау. Оқырмандардың бойында патриоттық сезімін арттыра отырып, батылдық, шыншылдық, төзімділік, адамгершілік қасиеттерін дамыту, саяси қуғын-сүргінге және ашаршылыққа ұшыраған құрбандар жөнінде дұрыс, терең түсінік беру, олардың саяси санасын ояту. Шараға Долинка кентіндегі ҚарЛаг мұражайы директорының орынбасары Ибрахим Исламұлы Исламов, «Замандас» зейнеткерлерге арналған клубының және «Қарымды қаламгер» клубының мүшелері қатысты. Шара барысында зобалаң жылдардың зұлматы жайлы мағлұматтар беріліп, қазақ халқының сан қилы қиындықтарды бастан өткергенін, қазақ зиялыларының басынан кешкен қиын жағдайлары жайлы баяндалды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев 1937 жылдары жазылған М.Жұмабаевтың «Сағындым» және Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» әндерін орындады. Кешке қатысқан жастарға ата-бабаларының басынан өткен қасіретті оқиғалар жайлы «Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы» атты бейнефильм арқылы таныстырылды және кітапхана қорындағы кітаптар мен мерзімді басылым беттеріндегі жарияланған мақалалардан оқып, бейнематериалдардан көріп білуге кеңес берілді. Шараға әзірленген «Тарихтан тағылым- өткенге тағзым» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.