16 ақпан күні М.О.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Жаңа кітап – жаңа әлем» тақырыбында Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітапханаға түскен жаңа кітаптарды насихаттауға арналған Book Slam шарасы өтті. Шараның мақсаты: көпшілік оқырмандарға Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы ақпарат беру, оқырмандарды заманауи өзекті әдебиеттерді оқуға тарту, Президент Н.А.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын насихаттау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітапханаға түскен жаңа кітаптармен таныстыру.
Book Slam шарасына велоспорт мектебі мен «Жалын» спорт мектебінің қызметкерлері, төтенше жағдайлар Департаментінің қызметкерлері және «Нұр Отан» партиясының мүшелері қатысты.
Кітапханашылар қатысушыларды Президент Н.А.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының мазмұнымен егжей-тегжейлі таныстырды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың публицистикалық жанрда жазылған «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында еліміздің жаңа тарихы мен болашағына қатысты автордың жеке көзқарасы сипатталады. Кітапханашы Л.Есенжолова кітапта жаңа Қазақстанның қалыптасу кезеңдеріне баса көңіл бөлінгенін, бұл кітаптың Отанымыз - Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы онжылдықтарының тарихын білуге, түсінуге және еліміздің болашағы үшін мақтанышты сезінуге көмектесетінін атап өтті. Шараға қатысушылар кітапты талқылауға белсене қатысып, Президенттің жаңа кітабы Қазақстанның жаңа тарихы туралы бірегей кітап болып табылады деген пікірлерін білдірді.
Шараға «Жаңа кітап – жаңа әлем» атты кең көлемді кітап көрмесі безендірілді, осы тақырыпта слайд-презентация көрсетілді.