2021 жылғы 7 сәуір мен 7 мамыр аралығында біздің кітапханамызда қорғаныс-бұқаралық және әскери-патриоттық жұмыстар айлығы басталды.
Қазақстанда 7 сәуір Ерлік күні. Атаулы күн 1995 жылы дәл осы күні тәжік-ауған сыртқы шекарасын қорғап, ерлікпен қаза тапқан ішкі әскердің 17 жауынгерінің құрметіне қойылды.
Бүгінгі іс-шарамызға Қарағанды қаласы бойынша Тәжік ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысушылар мен ардагерлер одағының төрағасы Нұрболат Аяғанов және Манарбек Айтқалиев қатысты.
Қонақтарымыз өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді дамыту жайында сөз қозғап, Тәуелсіз Қазақстанымыздың батырларының ерліктерін насихаттады. 17 сарбаздың ерлігін насихаттау мақсатында кітапхана қорына «Тағзым» атты кітапты сыйға тартты.
Ерлік – елдің туы. Ер қуаты қару болса, ел қуаты – батырлары, сақадай сарбаздары мен сардарлары.Халық қашанда қаһарман ұлдарын пана тұтқан. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес». Халықтың осы даналығы қайда жүрсек те қашанда жүрек дәптерінде, сана сахнасында сақтаулы жүрсе, қазақ баласы азаматтық парызын адал ақтауды ұмытпас.