2021 жылы 11 наурыз күні «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі»КММ-де офлайн және ZOOM платформасында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы, ақын, жазушы Серік Сағынтайдың шығармшылығын насихаттауға арналған "Көктемнің мөлдір тамшысы" атты байқауы өтті. Байқаудың демеушісі білім меценаты, «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының иегері Алтынбеков Бекзат Қомарұлы. Байқауға өтініш білдірген 16 мен 25 жас аралығындағы 30-ға жуық үміткер іріктеліп, үздік деп танылған 11-і ақтық сында бақ сынасты. «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Қамбар Ахмет төрағалық еткен қазылар алқасы құрамында ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ғазиза Смағұлова, филология ғылымдарының кандидаты Азат Бабашов, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санаттағы мұғалімі Жаңагүл Түсжанова, кітапхананың әдістеме бөлімінің меңгерушісі Сәуле Кейкина болды. Байқауда қазылар алқасы жазылған эсселердің оқып жеткізу мәнеріне, сахна мәдениетіне баса назар аударып, кемшіліктерін де ескертті. Қатысушылардың барлығына Алғыс хат пен «Қарағанды» энциклопедиясы кітабы табысталды. III орынды 35 мың теңге сертификатын А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның 11 «А» сынып оқушысы Наурызбай және Аятолла мен №61 орта мектептің 11 «А» сынып оқушысы Әбдісамат Абитаев иеленді, II орынды 60 мың теңге сертификатын Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №1 жасөспірімдерге қызмет көрсету филиалының меңгерушісі Гүлмаржан Қосжан иеленді, I орынды 100 мың теңгелік сертификатты №12 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанкелді Тоқтамұрат жеңіп алды.