М.О.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана ұйымдастыруымен ақын, «Өмір өлең» жыр жинағының авторы, аймақтық облыстық жыр мүшәйралары мен облыстық, республикалық бірнеше өнер байқауларының жүлдегері Саят Қабдрашұлы Тұяқбаевпен «Өмір өлең» атты әдеби кездесу кеші өтті.
Рухани кештің басты мақсаты – жас ұрпаққа поэзияның тереңдігін ұғындыру, ұлттық әдебиетті дәріптеу, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және жастарды көркем сөз өнеріне баулу болды. Әдеби шараға жиналған қауым ақынның шығармашылық жолымен жақынырақ танысып, оның өмірлік ұстанымы мен шабыт көздері туралы мазмұнды әңгімесіне куә болды.
Кеш барысында Саят Қабдрашұлы өзінің ақындыққа келу жолы, алғашқы өлеңдерінің жазылу тарихы, шығармашылық ізденістері туралы кеңінен баяндап, жыр сүйер қауымға жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Ақынның өмір, туған жер, махаббат, адамгершілік тақырыптарындағы туындылары көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кездесу кешінің құрметті қонақтары қатарында Саят мырзаның ұстазы Е.Б.Өкінбаев, Қазақстан Жазушылар одағы мүшесі, «Ғұмырымның көктемі» жыр жинағының авторы ақын Ілияс Мұқай, «Қасқа құлын» жыр жинағының авторы ақын Қайрат Иманбаев, сондай-ақ Баллар музыка мектебінің ұстазы, дәстүрлі әнші Б.Ә.Қазкен болды. Қонақтар ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп, оның өлеңдеріндегі шынайылық пен ұлттық рухты ерекше атап өтті. Ұстазы шәкіртіне ақ жол тілеп, шығармашылық табыс тіледі.
Кештің көркемдік мазмұнын дәстүрлі әндер мен поэзиялық оқулар толықтырды. Дәстүрлі әнші Б.Ә.Қазкен орындаған әсем әндер әдеби кештің ажарын аша түсті.
Іс-шараға Қарағанды жоғары “Болашақ” колледжі мен Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі студенттері мен оқытушылары қатысып, ақын өлеңдерін жатқа оқып, поэзиялық кештің көркін қыздырды. Белсенді жастар ақынға көкейдегі сұрақтарын қойып, шығармашылық жайлы еркін пікір алмасты.
Кеш соңында кітапхана атынан ақынға алғыс білдіріліп, қатысушылар естелік суретке түсіп, рухани байлыққа толы әдеби басқосу жоғары деңгейде ұйымдастырылған тағылымды шара ретінде өз мәресіне жетті.
Мұндай мазмұнды кездесулер жастардың рухани дамуына серпін беріп, ұлттық әдебиетіміздің өркендеуіне үлес қосары сөзсіз.





