2026 жылдың 7 ақпан күні М.О. Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасында Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесі мен «Жыр Жауһар» авторлық әдеби-поэзия үйірмесінің ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Қазақ жырының қайнары» атты әдеби-поэзиялық кеш өтті. Іс-шараның басты мақсаты - жастарға Мұқағали поэзиясының тереңдігін таныту, ақын мұрасын насихаттау және ұлттық әдебиетке деген құрметті арттыру болды. Кеш барысында үйірме мүшелері ақынның жүрекке жетер әсерлі өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Мұқағали жырларына жазылған әндер орындалып, домбыра сүйемелдеуімен шырқалған туындылар кештің көркін аша түсті. Әдеби кештің ашылуы да, қорытынды бөлімі де әсем күй мен жанды дауысқа ұласып, поэзия мен музыка үндескен тағылымды орта қалыптастырды. Қатысушылар ақын шығармашылығы жайлы ой бөлісіп, оның өлеңдеріндегі отансүйгіштік, адамгершілік пен сезім тазалығы туралы пікірлерін білдірді.
Шара соңында кітапхана әкімшілігі мәдени-рухани іс-шараға белсенді атсалысып, мазмұнды кеш ұйымдастырғаны үшін «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесі мен «Жыр Жауһар» авторлық әдеби-поэзия үйірмесіне арнайы алғыс хат табыстады. Осындай әдеби-поэзиялық кештер жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, қазақ жырының құндылығын тереңірек сезінуге жол ашады. Мұқағали мұрасы- мәңгілік, ал оның жырлары ұрпақ жүрегінде әрдайым жаңғырып тұра бермек.





