Әдеби күнтізбе: Маршак Самуил Яковлевич (3.11.1887, Воронеж — 4.7.1964, Мәскеу) — орыс ақыны, драматург, балалар әдебиетінің классигі. Алғашқы шығармасы 1907 ж. жарияланған. 1920 ж. Краснодарда балалар театрын ұйымдастырып, соған лайықтап ертегі-пьесалар жазды. Бүлдіршіндерге арналған “Джек салған үй”, “Тордағы балақандар” (1922), “Ақымақ тышқан туралы ертегі” (1929 — 30) атты кітаптары шықты. Маршактың сол жылдары шыққан “Өрт”, “Почта”, “Цирк”, “Днепрмен күрес” кітаптары, “Кеше мен бүгін” (1925), “Мистер Твистер” (1933) сатиралық памфлеті мен “Белгісіз батыр туралы әңгіме” (1938) атты романтикалық поэмасы өте тартымды жазылған. Ол “Он екі ай”, “Ақылды мүліктер”, т.б. туындылары арқылы балалар ертегілері мен өлеңдерінің, жұмбақтар мен пьесаларының жаңаша үлгілерін жасады. Маршак бірқатар лирикалық шығармалардың, өмірбаяндық повестің авторы. Оның балаларға арналған “Ақымақ тышқан туралы ертегі”, “Жыл бойы”, т.б. шығармалары қазақ тілінде жарық көрген.
#самуилмаршак #детскийписатель #книгидлядетей #читаемсказки #читаемсдетьми #6кітапханафилиалы #auezov_lib_krg

Яндекс.Метрика